Республика күні – мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символын айқындайтын маңызды мереке. Биыл еліміз бұл мерекені екінші рет атап өтіп жатыр. Біз Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде қабылдауымыз керек.
- 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Мемлекеттің егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Араға он жыл салып бұл мейрам мемлекеттік ретінде аталып өте бастады. Алайда, 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Ал бірнеше жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мейрамды қайтару қажеттігін мәлімдеді.
Көп ұзамай парламент заңды қабылдап, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
Әрқайсыңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Ең бастысы, ел мен жеріміз аман, жұртымыз тыныш, тұғырымыз биік болсын! Әр отбасыға шаттық пен бақ-береке тілейміз!