Кешенде қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық базамен толықтырылған табиғи бірегей факторлар: қарағай орманының экологиялық таза ауасы, Балпаш сор көлінің емдік балшығы және Май Балық көлінің минералды суы, радонды терапия, «Құлагер — Арасан» минералды суы жүрек-тамыр жүйесі, тыныс алу мүшелері, тірек-қимыл аппараты, асқорыту, қан айналымы және жүйке жүйесі ауруларын, урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, келушілер арасында бұғы мүйізінен алынатын панта терапиясына сұраныс жоғары. Жалпы әлемде бұғының мүйізі мен қаны емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Сол пантотерапияның арқасында иммунитет жақсарып, дененің әртүрлі инфекцияларға төзімділігі артады.
Мұнда қазақ мәдениетін, дәстүрлерін қызметке, тамақ мәзіріне, бөлмелерді нақыштауға пайдаланған. Көл жағасында, орман ішімен серуендейтін жаяу жүргіншілер сүрлеуі бар. Сол жолмен жүрген демалушылар 100 метр сайын орнатылған әр тақтайшалардан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырының үзінділерін оқып немесе аудио нұсқасын да тыңдай алады. Сондай-ақ, тамақ мәзіріне де қымыз, бауырсақ, жент секілді денсаулыққа пайдалы ұлттық тағамдар қосылған.
Сонымен бірге келушілер киіз үйдің шипалы ауасымен тыныстап, тәтті, сырлы сарынды қазақ күйлерін тыңдап санасын сергітіп, рахаттанып демалады. Бұдан бөлек арнайы дайындалған алаңда садақ атып, қазақтың жауынгерлік рухын сезініп, серпіліп, сергиді. Осылардың барлығы біздің ем алушылардың, әсіресе шетелдік қонақтардың ерекше ықыласын оятып, қызғушылығын тудырды. Біз осылайша алыс-жақынан келген қонақтарымызға халқымыздың салт-дәстүрін, болмысын насихаттай отырып, денсаулықтарының да оңалуына көмектеседі.